Страна : Казахстан
Ахмади Адалбек родился 23 марта 1969 году в СУАР КНР Алтай, Жеменей, кишлак Шикоржа. С детства он увлекался творчеством. В школе учился на отлично, и закончил Синцзяньский университет факультет мировых языков. В 1996 году переехал в Казахстан. 2002 году вступил член Союза писателей. Его первые произведения были изданы в 1993 году в СУАР в сборнике избранных поэтов » Укили ыргай «. Лауреат Всемирного конкурса казахских поэтов, лауреат Республиканского телевизионного конкурса стихов Махамбета Утемисова 2003 году. Автор сборника стихов таких как «Аян», «Құсұйқы», «Айжанар».
Country : Kazakhstan
Отрывок из сборника стихотворений
Бабамның басы
Кең дүние-ай көзіне жас түнеген,
Келеді ағып кеудеңде тасқын өлең.
Құлдыраңдап жүгірсем құлыншақтай,
Қурап қалған қойныңнан басты көрем.
Қу бас көрем ойдан да, қыраттан да,
Суырылған қылыштай қияқ қана.
Жаным ашып келеді тасыңа да,
Шұрқ-шұрқ болып тесілген тұяқтарға.
Бауырынан сыз өткен сырқат далам,
Ұйып қалған сияқты құрсақта қан.
Жаңбыр мүжіп, жел сүйген бассүйекті,
Доп қып теуіп барады бір топ балаң.
Түк түсінбей телмірдім…айналаға,
Тау теңселіп тұрса да той бола ма?!
Басым қатып кетті ғой ойлап Ана,
Неткен жақын жаралған сорға дала?!
Бір жан едім басыңа бақ тілеген,
Имек айдай иіліп қапты денең.
Жүріп алды топ бала түн ішінде,
Бассүйегін бабамның тепкілеген.
Селеу құсап селтидім белестегі,
Селк еткізер сананы жел еспеді.
Арбап алды әбжылан елес мені,
Махамбеттің басы әлде емес пе еді.
Құбылаға бұрылдым бетті беріп,
Өзегімді өртеді өксік ө-р-р-т.
Теңбіл доптай түсінде құм төбенің,
Домалап жүр қайран бас тепкіленіп.
Судай сабап суық кек мұң ішімді,
Мың қайталап құрып кет құрысын-ды.
Білегінен баланың ұстай алдым,
Бәрі де кеш!
Боққа шап қылышыңды.
Қайрат қашады екен-ау қара басса,
Қарап тұрып қалыппын бала жасқа.
Тік көтеріп бабамның бассүйегін,
Былш еткізді меңіреу қара тасқа.
Бітті.
Тынды.
Үзілді ғасыр әні
Ұшты жылап жанымның жапырағы.
Бырт-бырт сынып бүлінген бассүйектер,
Быт-шыт болып жан-жаққа шашырады.
ЕСАЛАҢ
Есімде бала шағымда,
Біздің шағын ауылда.
Бар еді бір есалаң,
Түсінбейтін еш адам.
Көрші ауылда білетін,
Оны көрсе күлетін.
Арқасына қара тас,
Арқалап ап жүретін.
Таңданамын тамсанып,
Таңға қарай қарсы ағып.
Көше кезіп жүретін,
Бір ғажайып ән салып.
«Шапағатты жаңбырым,
Мен шашамын таң нұрын.
Алып жүрмін арқалап,
Адамзаттың тағдырын.
Мен-бақытпын, батырмын,
Басталмаған ғасырмын.
Жер шары менің арқамда,
Көтеріп келе жатырмын.»
Біз де таңды қарсы алып,
Біз де бірге ән салып.
Есалаңның соңынан,
Еретінбіз тамсанып.
Қырау қымтап бақтарды,
Қына бүркеп тастарды.
Кетті есалаң келмеске,
Ал, қара тас… қап қалды.
Сөнген кезде шырағы,
Бүкіл бала жылады.
Менің ғана есімде,
Есалаңның жүр-әні.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Бәрі жалғыз:
Жалғыз әлем,
Жалғыз Күн.
Жалғыз емен тұр басында жал-құздың.
Жалғыз Жерде жалғыз жүрмін адасып,
О, махаббат, жалғызсың ба?!
Жалғызбын.
Бәрі жалғыз:
Жалғыздықтан жалықтым.
Жалғыз қалай жанып тұрсың, жарық Күн?!
Жалғыз кірген Мұқағали бейбағың,
Қара түнек құшағына табыттың.
Бәрі жалғыз:
Жалғыздықтан қорқамын.
Таң алдында жалғыз қалды Шолпаным.
Жалғыз адам,
Жалғыз Жердің бетінде,
Жалғыз ізін,
Қалдырады қол табын.
Жалғыз өмір:
Жалғыз өлім, Адамға.
Жалғыз бақыт жеткілікті маған да.
Маң далада жалғыз жүрмін маңырап,
Жалғыз кеткен арманымды табам ба?!
Табыл арман,
Табыл мейлі, табылма.
Жалғыз адам келе алмайма сабырға?!
Арт жағында махаббатын қалдырып,
Анашым да жалғыз жатыр қабырда.
Жалғыз Анам, жатыр ұйқтап Мекенде,
Мен ақ сүтін ақтай алмай өтем бе?!
Жалғыз қасық сусын болғым келеді,
Құба құмда шөлдеп жатқан бөкенге.
Жалғыз барып мұң шағайын еменге,
Жалғыз жылу жүгіріп жүр денемде.
Ғұмырымды кетсем болды сиғызып,
Жазылмаған жалғыз шумақ Өлеңге.
Анашымнан жалқы туғам мен кеше,
Іні қайда бірге өлетін «өл» десе.
Ақ, махаббат, көрінбесең көзіме,
Егескенде Жалғыз өтем ендеше!
АБАЙЛА, БИЛІК, АБАЙЛА…
Елде жақсы қалмады…
Абай.
Шынымен елде қалмады жақсы бір адам,
Абайдай батыл ешкім жоқ жұртын сынаған.
Тірідей Жерге кетерме ед кіріп кім білсін,
Абайым келіп Қазағын көрсе жылаған.
Не дейсің билік?!
Тіріліп келген Абайға!
Жай түсер ертең төбеңде тұрған сарайға.
Мәжіліс құмар топтасқан қарға тобыр-ау,
Оқ атпа тағы Халық- Анаға жарайма!
Қарғаса Халық сіз түгіл Тәңір өледі.
Сізге емес Халқым Ақынға ғана сенеді.
Батыр мен Ақын Халыққа қарай атылған,
Жүрегіменен қалады тосып жебені.
Тіліме келген айтпасам шындық өледі,
ШЫН үшін туған ақынмын менде себебі.
Қырылып қалды құрдымға сіңген судай боп,
Шұрайлы өлке, мұнайлы өлке Өрені.
Биліктің өлі ояту керек жүрегін,
Сәл кештеу жаздым бұл жырды…
Кешір Ұлы Елім!
Жаңаөзендегі көз жасын көріп Ананың,
Абайла билік!..
Мен саған өлім тіледім!
Нағылет!!!
Дала тілі
Сөлін сығып сәуленің,
Сия қып қалам- жүрекке.
Таусылғанша әл- демім,
Жазам қара түнекке.
Сүттей сөзін Даламның,
Ұйытайын санаңда.
Уыз тілін баламның,
У қылатын заманда.
Қыранындай Тінейдің,
Құйылайын төбеңнен.
Үйін жығып үрейдің,
Қан тамызып көбемнен.
Білгің келсе әлемді,
Сөйле Дала тілінде.
Бөлшек-бөлшек әр елді,
Біріктірер түбінде,
Бір Бала!!!
АҒАМА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН
Ағасаған, бәрін айтам мен бүгін,
Кімге керек өлеңім Һәм өрлігім.
Бұл жерден де маған пана шықпады,
Дүниенің не қылайын кеңдігін.
Жер шарына артық келген адамдай,
Азаматтық әлі жүрмін ала алмай.
Түсінетін өзіңдей жан таба алмай,
Құлазыдым иендегі аралдай.
Ата жұртта адастырдым арманды,
Санама кеп сансыз сұрақ байланды.
Жалған Айдың жарығына жылынып,
Тұлпар-жүрек тыпыршиды байлаулы.
ҚҰБЫЛА
Көзінен бұлттың сыр тыңдап,
Кешемін қиял не түрлі.
Сап-салқын шыққан бір шумақ,
Бір шыны шарап секілді.
Бөтелке толы аппақ у,
Барады улап санамды.
Кешегі артық мақтану,
Жерледі бүгін баламды.
Көзінен бұлттың жас ақса,
Жуады келіп бетімді.
Біреуге біреу тас атса,
Құзардан жаным секірді.
Үзіліп бұлттан құлаған,
Тамшылар жуса бетімді.
Далада жалғыз жылаған,
Ойлаймын сорлы жетімді.
Ойлаймын ойлар ғажайып,
Азаптап кетер пақырын.
Қуатым-дағы азайып,
Барамын сөніп ақырын.
Өлеңім үшін бір шумақ,
Кештім ғой қиял не түрлі.
Артымда сары жұртым қап,
Құбылаға бұрдым бетімді.
ӘЙ, ДҮНИЕ…
Танисың ба сен мені,
Мен қазақтың баласы.
Қасым.
Танисың ба сен мені, мен қазақтың ақыны,
Арғы бетте тусам да емеспін ғой жат ұлы.
Ат үстінде сан ғасыр жауыр болған тақымы,
Сен де, мен де қазақпыз қара жердің пақыры.
Құлағанда Абылай алтын тақтан, тұғырдан,
Қонарға жер таппаған ел едік қой шұбырған.
Момын қара қойшының маң төбеті мың артық,
Менменсіген көр кеуде сен сияқты мың ұлдан.
Шындық айтсам шырылдап қалар ма екен ұнамай,
Бөлінгеннің кесірі қырылғаным қынадай.
Мен білгенде Қазақта жоқ болатын жарқыным,
Арғы бетте бір Абай, бергі бетте бір Абай.
Арғы бетпен бергі бет қосылғанда бір-ақ Ел,
Саған, маған тәуелді мына дала, мына Жер.
Мекенім деп өртеніп, Отаным деп дерт еміп,
Өз ұлтының намысын жоқтау үшін туады Ер.
Ақ қар
Сәбидің үлпілдек тәніндей,
Бидайдың ақуыз дәміндей,
Ырыстың ақмаржан дәніндей,
Қараша қаздардың әніндей,
Ол сенсің ақ қар!
Елімнің ақтамақ таңындай,
Көңілдің аққанат арындай,
Кеудеме қонатын сағымдай,
Бір ойға шоматын арудай,
Ол сенсің ақ қар!
Адамның ақ бесік құндағы,
Адасқан арманның мұңлы әні,
Ақынның ақжаңбыр жырлары,
Алланың әдемі жұмбағы,
Ол сенсің ақ қар!
Ақ мамық жауған құсқанатым,
Қымтайсың кең қазақ даласын,
Құшақтап тәнімнің моласын,
Тап-таза қалпыңда қаласың,
Ол сенсің ақ қар!
Бармысың бауырым
Тарыдай шашылған,
Қазақпыз әр елге.
Табылшы қасымнан,
Бар болсаң әлемде.
Қайдасың құлыным,
Қайт кері еліңе.
Желбіреп тұлымың
Жет туған жеріңе!
Бармысың бауырым,
Баянсыз жалғанда.
Барады ауылың,
Асығып арманға.
Телміріп жолыңа,
Таусылды тағатым.
Қонсаңшы қолыма,
Талды ғой қанатың.
Сағынды Анаңда,
Сағынды Далаңда.
Шайқалып сағымдар,
Қалды ғой жанарда.
Тарыдай шашылған,
Халықпыз әр елге.
Самалға қосып ән,
Ұшырған әлемге.
Желбіреп тұлымың,
Жеткенде еліңе.
Қона ғой құлыным,
Мөп-мөлдір көліңе.
Бармысың, бауырым,
Баянсыз жалғанда.
Іздейді ауылың,
Іздейді тауларда…
Бармысың жалғанда?!